qaz
«Жаһандық құзыреттілік» курсының ерекшеліктері» панельдік секциясы

17 тамызда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында педагогтердің республикалық Тамыз конференциясы аясында «Жаһандық құзыреттілік» курсының ерекшеліктері» тақырыбында панельдік секция өтті.
Панельдік секцияда қатысушылар курсты оқыту мақсатын, міндеттерін, мазмұны мен ерекшеліктерін, педагогтердің курстық даярлығын, сондай-ақ білім беру ресурстарын талқылады.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева курс бағдарламасы білім алушылардың жобалық, зерттеу, шығармашылық қызметін, волонтерлік және әлеуметтік бастамаларын дамытуға бағытталғанын айтты. Сондай-ақ, заманауи қоғамдағы «Жаһандық құзыреттілік» курсының маңызын атап өтті.
Панельдік секцияның жұмысы семинар-тренинг түрінде жалғасты, онда практиктер тобы «Жаһандық құзыреттер» курсы аясында ұсынылған бес юнитті жеке-жеке түсіндіріп шықты.

«Astana English School» директорының орынбасары Ажар Ысқақова, Нұр-Сұлтан қаласы РФММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рахат Әзімбаева, тәуелсіз сарапшы Талғат Игликов, Алтынсарин академиясының жетекші ғылыми қызметкері Жанна Жакиянова курс бөлімдерін таныстырды.
Талқылау қорытындысы бойынша шақырылған сарапшылар, олардың ішінде Халықаралық бакалавриат бағдарламалары бойынша халықаралық сарапшы, Кавказ және Орталық Азия елдері ХБ мектептері қауымдастығының негізін қалаушы Гүлнар Салменова, JOO High Schools кәсіби бағдар берушісі Диас Асанов, Адам құқықтары жөніндегі ғылыми заңгер, құқық PhD докторы, Street Law Kazakhstan балаларды зорлық-зомбылықтан, буллингтен және кибербуллингтен қорғау жөніндегі білім беру жобасының үйлестірушісі Халида Ажигулова әрбір юниттің өзектілігі туралы айтып өтті.

Жиынға мектеп директорлары, директор орынбасарлары және мұғалімдер, ТжКБ және жоғары білім беру ұйымдарының басшылары/оқытушылары, психологтар, оқу пәндері бойынша ғалым-әдіскерлер қатысты.

Панельдік секцияның видеожазбасын Академияның Youtube-арнасынан мына сілтеме бойынша көруге болады: https://youtu.be/OifW7BrZZDY

Панельдік секцияның материалдары Алтынсарин академиясының сайтында қолжетімді: https://uba.edu.kz/qaz/info/2