
Бүгін, 2025 жылғы 19 маусымда, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қатысуымен CARCEIT жобасы аясында «Қазақстандағы позитивті бейбіт білім беру» тақырыбында халықаралық онлайн-кездесу өтті.
Іс-шараға Алтынсарин академиясының президенті Нәзипа Аюбаева мен ғылым жөніндегі вице‑президенті Анар Танирбергенова, сондай-ақ жобаның жетекшісі — Назарбаев Университетінің профессоры Линн Парментер және жобаның теңжетекшісі, Кембридж университетінің білім факультетінің деканы, профессор Хилари Кремин қатысты.
Кездесуге «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ, Астана қаласы және өңірлердің білім басқармалары, әдістемелік бірлестіктер мен педагогикалық университеттердің өкілдері қатысып, белсенді пікір алмасты.
Кездесу барысында Қазақстанның білім беру жүйесіне позитивті және бейбіт білім беру қағидаттарын енгізу жолдары, CARCEIT зерттеу жобасының негізгі нәтижелері мен халықаралық тәжірибе талқыланды. Жоба аясында жүргізілген зерттеулерге 7 мектептің оқушылары, мұғалімдері мен әкімшілігі тартылған.
Жобаның мақсаты – инклюзия, әділеттілік пен бейбіт өмір сүру мәдениетін ілгерілету арқылы Қазақстанда сапалы, құндылыққа негізделген білім беруді дамыту.
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА тарапынан бұл жобаға қызығушылық жоғары. Академия өкілдері білім беру ресурстарын әзірлеу, педагогтердің біліктілігін арттыру және ұлттық білім саясатына ұсынымдар әзірлеу бағытында бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін білдірді.