Тамыз саммиті-2025: «Келешек мектептері» бойынша панельдік секция басталды

Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА ұйымдастыруымен «Келешек мектептері: стратегиялық мақсаттар мен нақты нәтижелер» тақырыбында панельдік секцияның бірінші күні басталды. Шараға еліміздің барлық өңірлерінен 145 мектеп директоры қатысуда.

Бүгін секция барысында директорлар «Келешек мектептерінің моделі», «МЖБС және үлгілік оқу жоспарының негізгі ерекшеліктері», «Педагогтерді оқыту», «Академиялық адалдық қағидаларын сақтау», «Мектеп аккредитациясына дайындық» тақырыптары бойынша ақпараттар алады.

Сонымен қатар, мектеп жабдықтарын тиімді пайдалану, қосымша білім беру (робототехника, дрон, қыш және тігін шеберханалары, спорт секциялары мен клубтар) жүйесін ұйымдастырудың өзекті мәселелерін талқылайды. Мектеп басшыларына арналған қаржылық сауаттылық бойынша тәуекел-менеджермен арнайы кездесу өтеді. Жасанды интеллектті мектеп практикасына енгізу мәселесіне арналған шеберлік сабақтары, топтық жұмыс және жоба қорғау сессиялары жоспарланған.

Күн соңында қатысушылар елорданың бірнеше мектебіне барып, әртүрлі форматтағы мектептердің тәжірибесімен таныса алады.

Панельдік секция 14-тамызға дейін жалғасады.