
«Келешек мектептері: стратегиялық мақсаттар мен нақты нәтижелер» атты панельдік сессия аясында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұлттық жоба аясындағы мектеп директорларымен кездесті.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде «Келешек мектептері» атты жаңа басқару моделі әзірленген. Үш мыңнан астам «Жайлы мектеп» педагогі үш деңгейлі оқудан өтті. Аталған модель биылғы қыркүйек айынан бастап іске қосылады.
«Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты – жаңа технологиялар мен оқыту әдістерін тиімді қолдана алатын білікті педагогтермен қамтамасыз ету. Жаңа форматтағы мектептерде педагогтердің кәсіби біліктілігін үздіксіз арттыруға ерекше мән беріледі», – деді министр.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Оның аясында 2026 жылға дейін 460 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салу жоспарланған.