TALIS-2024 зерттеу нәтижелерін талқылады

А. Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп өңірлік білім беру басқармаларының өкілдері, мектеп директорлары мен тәлімгерлерге арнап TALIS-2024 Халықаралық оқыту мен оқуды зерттеу нәтижелерінің презентациясын өткізді.

Қатысушылар халықаралық зерттеу нәтижелерін талқылап, негізгі үрдістерді айқындады және Қазақстандағы педагогтердің еңбек жағдайларын жақсарту мен кәсіби дамуын жетілдіру бойынша орындалуы керек жұмыс бағыттарын белгіледі.

TALIS-2024 деректері Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында жүзеге асырылып жатқан жүйелі шаралардың нәтижесін көрсеткендігін атап өтті. Қазақстан педагогтерінің еңбек жағдайларына қанағаттану деңгейі артып, еңбек жағдайлары жақсарған және педагог мәртебесі өскен санаулы елдердің біріне айналды.

Еске сала кетсек, ЭЫДҰ жүргізетін бұл зерттеу соңғы алты жылдағы педагогикалық ортаның қалай өзгергенін көрсетеді. Атап айтқанда, педагогтердің еңбек жағдайлары мен еңбекақыларына қанағаттану деңгейі, жоғарғы оқу орнынан кейінгі білімі бар педагогтердің үлес динамикасы, сондай-ақ жас мамандарды қоса алғанда кәсіби даму қажеттіліктері қарастырылады.

Презентация барысында қатысушылар мұғалімдерді одан әрі қолдаудың, тәлімгерлік жүйесін нығайтудың және кәсіби қауымдастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ерекше назар жас мамандардың тәжірибелі әріптестеріне цифрлық технологияларды меңгеру мен жасанды интеллектті оқытуда қолдануға көмектесетін кері тәлімгерлік тәжірибесіне аударылды. Сонымен қатар қатысушылар педагогтердің ата-аналармен қарым-қатынасы мен әріптестерімен ынтымақтастық стратегияларын да талқылады.