10-11 қыркүйекте Бангкокта Білім беру 2030 (APMED-6) мәселелеріне арналған 6-шы Азия-Тынық мұхиты кездесуі болып өтті. Аталған жиынға Орталық Азия өңірінің атынан Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева қатысты. Академия президенті аталған өңір елдерінің білім беру саласындағы тәжірибесі және басымдықтары туралы сөз сөйледі.
Кездесуде 2022 жылғы Бангкок мәлімдемесімен қабылданған іс-шараларды қарастыруға, сонымен қатар білім берудің өзектілігі, инклюзивтілігі мен тұрақтылығын арттыру үшін трансформациялаудың жаңа бастамаларына шолу жасауға баса назар аударылды. Өңір елдерінің қатысушылары, оның ішінде Үкімет өкілдері мен сарапшылар аталған өңірлердің оқытудағы дағдарысты шешудің инновациялық тәсілдерін және еңбектеген баладан жастарға дейін – баршаға сапалы білім беру іс-қимылдарын жеделдету мәселесін талқылады.
Мадина Тыныбаева Қазақстанның «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру, климаттың өзгеруінің өңір елдерінің білім беру үдерістеріне әсерін бағалаудың маңыздылығы, педагогтерді даярлау деңгейін арттыру, ауыл мектептерін дамыту сияқты өңірдің маңызды жетістіктерін атап өтті.
Сонымен қатар APMED-6 қатысушылары білім беру жүйелерін қазіргі сын-қатерлерге бейімдеуге және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ықпалдасатын оқытуды трансформациялаудың өңірлік басымдықтары мен іс-қимылдарын да қарастырды.
*
APMED-6-ны ЮНЕСКО ЮНИСЕФ-тің (UNICEF EAPRO) Шығыс Азия және Тынық мұхиты бөлімшесі, ЮНИСЕФ-тің (UNICEF Rosa) Оңтүстік Азия бөлімшесі және Жапония Үкіметінің Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрлігінің (MEXT) қолдауымен ұйымдастырды.